Ливан астанасы Бейруттегі жарылыстың соңы шеруге алып келді. Мыңдаған халық көшеде үкіметке қарсы наразылығын білдіруде. Үкімет болса жоспарланған сайлауды алдын ала өткізу мүмкіндіктерін қарап жатыр. Мемлекет басшысы шетелдік сарапшыларға қажетті зерттеу жүргізу тапсырмасын берді.
170-ке жуық адамның өмірін жалмап, 600 адам зардап шеккен 4 тамыздағы жарылыс ливандықтардың көптен бергі үкіметке наразылығын ашық білдіруге себеп болды. Олар іле-шала елдің сыртқы істер министрлігін басып алмақ болып, ғимаратқа шабуыл жасады. Шамамен 10 мың адам наразылық акциясына қатысып, халық жапа шеккен аудандардан бастап, астананың орталық алаңына дейін жетті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығыс та көп күттірмеді. Полицияға тас, ағаш лақтырып, бұзақылыққа барды. Ал полиция улы газ бен қарулы жауап берді. Бүгінде маңызды ғимараттардың алдында күзет тұр. Үкімет ғимараты қоршалған.
Президент Мишель Аун Бейрут портына келген шетелдік тергеушілерден табылған ақпараттың барлығын ашық жариялауын сұрады. БҰҰ Ливанға көмекке 565 млн АҚШ долларын бөлген. Қаражат жарылыстан жапа шеккен порт халқына жұмсалуы тиіс. Ұйым есебіне сүйенсек, қаладағы 20 аурухана, 120 мектеп қираған. БҰҰ гуманитарлық координаторы Нижат Рочди «Құлаған мектептер мен ауруханаларды қалпына келтіргіміз келеді», деді. Тергеу жұмыстарына FBI агенттері де тартылған. Жергілікті кәсіпкерлер үкіметке сенбейтінін айтуда. Олардың ойынша, мәселеге сыртқы күштерді араластырса, нақты себеп мәлім болмақ.
Апат қоймада 2014 жылдан бері сақталып келе жатқан селитраның жарылуынан болған. Үкімет бұған жауаптыларды табуға сөз берген-ді. Жапа шеккен аудандарды араламақ болған министрлерді халық қуып шықты. Сенбіде үкімет басшысы Хассан Диаб мәлімдеме жасап, жарылыстың жемқорлық салдарынан болғанын хабарлады. Тіпті мәселенің шешімі кезектен тыс сайлауда екенін де жеткізді.
Халықаралық қызыл крест қоғамының есебіне сүйенсек, наразылық акциясы кезінде 230 адам жарақат алған. Ал БАҚ жапа шеккендердің саны 500-ден асатынын хабарлайды. Апат себебін анықтау ісі жалғасып жатыр. Мемлекет президенті Мишель Аун сыртқы күштердің қатысы бар-жоғын анықтау қажеттігін айтты.